«Референдум қорытындысы бойынша» жастар форумы
30 наурызда Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасымен С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде «Референдум қорытындысы бойынша» тақырыбында жастар форумы өтті. Форумға еліміздің медициналық жоғары оқу орындарының студенттері белсене қатысты. Іс-шара ҚазҰМУ-дың «Concordia» студенттік театрында ұйымдастырылып, оған жастар ұйымдарының көшбасшылары, профессорлық-оқытушылық құрам, білім алушылар, ғылыми қызметкерлер және арнайы шақырылған қонақтар жиналды. Форумның басты мақсаты – Референдум қорытындыларының маңызын студент жастарға түсіндіру, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру, белсенді азаматтық ұстаным қалыптастыру және патриоттық құндылықтарды нығайту. Кездесу барысында конституциялық өзгерістер мен елде жүзеге асырылып жатқан реформалардың әлеуметтік-құқықтық аспектілері кеңінен талқыланды. Қатысушыларға Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың атынан құттықтау жолданып, жастардың ел дамуының басты қозғаушы күші екені атап өтілді. Болашақ медицина мамандарының білімі мен жауапкершілігі, азаматтық көзқарасы отандық денсаулық сақтау жүйесінің дамуына тікелей әсер ететіні ерекше айтылды. Форум барысында ҚазҰМУ Басқарма төрағасы – ректоры Марат Шоранов сөз сөйлеп, Референдум қорытындылары ел дамуының жаңа кезеңін айқындайтын маңызды қадам болғанын атап өтті. Оның пікірінше, бұл өзгерістер қоғамның негізгі құндылықтарын нығайтып, медицина саласының дамуына жаңа серпін береді. Іс-шара аясында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің алғыс хаттарымен бірқатар қызметкерлер мен студенттер марапатталды. Олардың қатарында хирургия кафедрасының аға оқытушысы, интернатура деканының орынбасары Керімқұлов Дархан Батырбекұлы да бар. Сонымен қатар, Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы, «Amanat» партиясы және жастар ұйымдарының өкілдері өз ойларымен бөлісіп, өзекті мәселелерді талқылады. Форум мәдени бағдарламамен жалғасып, мазмұнды әрі әсерлі жағдайда қорытындыланды. Бұл форум тағы бір мәрте еліміздің медицина саласының болашағы – бүгінгі студент жастардың білімі мен белсенді азаматтық ұстанымына тікелей байланысты екенін көрсетті.