«Интернет-алаяқтық. Дропперлік» тақырыбындағы семинар-кездесу
Киберқылмыстардың алдын алу және білім алушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында 2026 жылғы 2 ақпанда университетте «Интернет-алаяқтық. Дропперлік» тақырыбында түсіндіру семинар-кездесуі өтті. Іс-шара барысында Алматы қаласы Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полицияның аға лейтенанты Ибрагим Шыңғысхан Тыныштықұлы баяндама жасады. Кездесу барысында интернет-алаяқтықтың негізгі түрлері, азаматтарды алдаудың ең жиі кездесетін тәсілдері, сондай-ақ адамдарды дропперлік қызметке тарту жолдары қарастырылды. Үшінші тұлғаларға банк карталарын, шоттарды және жеке деректерді беру заңсыз екендігі және бұл әрекеттердің қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынына ерекше назар аударылды. Полицияның аға лейтенанты алаяқтардың көбіне «оңай табыс» уәделерін және психологиялық қысым көрсету әдістерін қолданатынын атап өтті. Іс-шараға қатысушыларға жеке деректер мен қаржылық қаражатты қорғау бойынша ұсыныстар беріліп, алаяқтық жағдайына тап болған кезде әрекет ету тәртібі түсіндірілді. Іс-шара соңында қатысушыларға интернет кеңістігінде саналы әрі жауапты мінез-құлықты қалыптастыруға бағытталған бейнефильм көрсетілді. Жедел уәкіл білімалушыларға қырағылық танытуға, интернет желісіндегі күмәнді ұсыныстарға сенбеуге және қылмыс белгілері анықталған жағдайда дереу полицияға жүгінуге шақырды.