Қазақстан-Ресей медициналық университетінде Жеңіс күні мен Отан қорғаушылар күніне арналған іс-шара өтті
Қазақстан-Ресей медициналық университетінде Жеңіс күні мен Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Салтанатты рәсім аясында әскери кафедраның 120 түлегі Әскери ант қабылдады. Бұл маңызды кезең әскери борышқа адалдықты, жауапкершілік пен Отанға деген сүйіспеншілікті білдіреді. Университет ректоры Жайнақбаев Нұрлан Темірбекұлы құттықтау сөз сөйледі. Сондай-ақ түлектерге генерал-майор Тузиков Владимир Владимирович, медицина қызметінің запастағы полковнигі Оқапов Найман Қабыкенұлы және С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ ректоры Шоранов Марат Едігеұлы ақжарма тілектерін арнады. Олар өз сөздерінде Отанға қызмет етудің маңыздылығын, дәрігер-офицер мамандығының жоғары миссиясын атап өтіп, түлектерге кәсіби табыс, төзімділік және таңдаған жолына адал болуды тіледі. Іс-шараның салтанатты атмосферасын Десанттық-шабуылдау әскерлерінің және Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы оркестрінің көрсетілімдері ерекше әсерге бөледі. Салтанатты рәсімнің шарықтау шегі бейбітшілік, бірлік және жарқын болашақты бейнелейтін ақ көгершіндерді ұшыру болды. Іс-шара мерекелік концерттік бағдарламамен аяқталды.