Халықаралық тәжірибе: ҚРМУ студенттері Самарқандта академиялық ұтқырлық бағдарламасына қатысты
Қазақстан-Ресей медициналық университетінің «Стоматология» білім беру бағдарламасының 4-курс студенттері Самарқанд мемлекеттік медициналық университетінде академиялық ұтқырлық бағдарламасына қатысты. Сапар барысында білім алушылар стоматология факультетінің профильдік кафедраларымен, оқу-клиникалық базасымен және заманауи симуляциялық кабинеттерімен танысты. Студенттер фантомдық қондырғыларда практикалық дағдыларды жетілдіріп, клиникалық жағдайларды талқылауға қатысты. Бұл оларға науқастарды диагностикалау мен емдеудің түрлі тәсілдерін салыстырып, басқа жоғары оқу орнының тәжірибесімен танысуға мүмкіндік берді. Бағдарлама аясында студенттер оқытушылармен және қабылдаушы университеттің студенттерімен тәжірибе алмасып, стоматологиялық практикадағы өзекті мәселелерді, клиникалық ойлау ерекшеліктерін және саланың заманауи даму үрдістерін талқылады. Сапардың маңызды бөлігі «Ортопедиялық стоматологияның өзекті мәселелері» атты ғылыми конференцияға қатысу болды. Студенттер заманауи ғылыми зерттеулермен танысып, пікірталастарға қатысып, ортопедиялық стоматология мен протездеу саласындағы білімдерін кеңейтті. Академиялық және ғылыми тәжірибе алмасу бағдарламалары болашақ мамандардың кәсіби құзыреттілігін арттырып, клиникалық ойлау қабілетін дамытып, халықаралық тәжірибе қалыптастыруға ықпал етеді.