Қазақстан-Ресей медициналық университеті кітапханасының қоры жаңа басылымдармен толықты
Қазақстан-Ресей медициналық университетінің Психиатрия және наркология кафедрасы кезекті рет университеттің ғылыми кітапханасына білім алушыларға арналған оқу-әдістемелік әдебиеттерді тапсырды. Кітапхана қорына орыс тіліндегі «Оптимизация помощи пациентам с тревогой в организациях первичной медико-санитарной помощи» атты әдістемелік ұсынымдардың 4 данасы түсті. Аталған басылым психиатриялық бейіндегі студенттер, интерндер және резиденттердің оқу үдерісінде пайдалануға арналған. Оқу құралы психиатрия және наркология кафедрасының қызметкерлері С.З. Ешимбетова, Н.И. Распопова, А.А. Абетова тарапынан дайындалған. Сонымен қатар кітапханаға қазақ тіліндегі «Психикалық ауытқулары бар тұлғаларды мәжбүрлеп емдеу кезеңінде олардың өз-өзіне қол жұмсауға бағытталған мінез-құлқының диагностикасы мен алдын алу шаралары» атты әдістемелік ұсынымдардың 4 данасы берілді. Басылым авторлары: Психиатрия және наркология кафедрасының қызметкерлері С.З. Ешимбетова, Н.И. Распопова, Р.А. Мархабаева, К.А. Копжасарова. Әдістемелік ұсынымдар Қазақстан-Ресей медициналық университеті Ғылыми кеңесінің 2025 жылғы 26 желтоқсандағы №5 хаттамасымен бекітіліп, баспаға ұсынылған. Бұған дейін психиатрия және наркология кафедрасы университет кітапханасына қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі оқу, ғылыми және әдістемелік әдебиеттерді табыстаған болатын. Олардың қатарында психиатрия, суицидтік мінез-құлықтың алдын алу, сот психиатриясы, жасөспірімдердің психикалық денсаулығы және қазіргі медицинаның өзекті бағыттарына арналған оқулықтар, оқу-әдістемелік құралдар, монографиялар мен анықтамалық басылымдар бар. Психиатрия және наркология кафедрасы білім алушыларды үш тілдегі заманауи оқу және ғылыми әдебиеттермен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарын жалғастыруда. Бұл қызмет білім беру үдерісінің сапасын арттыруға, медициналық ғылым мен клиникалық тәжірибенің заманауи жетістіктерін енгізуге, сондай-ақ болашақ мамандарды кәсіби даярлауға қолайлы жағдай жасауға бағытталған.