KRMU — News
Служба
поддержки
RU
RU
KZ
ENG

2025 жылдың 13 мамырында Жалпы медицина факультетінің 1-курс студенттері Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі Г.К. Шуламбекованың жетекшілігімен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған іс-шаралар аясында Ахмет Байтұрсынұлының мұражай- үйіне барды. Экскурсия барысында студенттер қоғам қайраткері, ақын, ғалым әрі қазақ тілінің реформаторы Ахмет Байтұрсынұлының сан қырлы тұлғасын бейнелейтін мұрағаттық материалдармен танысты. Студенттердің ерекше қызығушылығын тудырғаны — ғалымның өмірі мен қызметін баяндайтын құжаттар, фотосуреттер және қолжазба мұралары болды. Мұражай экспозициясы төрт бөлмеде, жертөледе және арнайы ахметтану лекториясында орналасқан. Сонымен қатар, мұражайда ғалымның өмірі мен ғылыми қызметіне қатысты маңызды мәліметтерді қамтитын шағын кітапхана жұмыс істейді. Негізгі көрме залдары келесі тақырыптарға арналған: «Ұлттық рухтың оралуы», «Қазақ санасының шамшырағы», «Саясат құрбаны» — бұл залда ғалымның түрмеде болған кезеңдері мен саяси қуғын-сүргін жылдарындағы тағдырына қатысты материалдар қойылған. Мұражайға бару студенттердің рухани-адамгершілік тәрбиесінің маңызды бөлігіне айналып, Ахмет Байтұрсынұлының Қазақстан тарихындағы орнын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.