Ғылым күніне арналған «Ғылым апталығы» іс-шарасының қорытындысы
2026 жылғы 13–17 сәуір аралығында Қазақстан-Ресей медициналық университеті базасында Ғылым күніне орай ұйымдастырылған «Ғылым апталығы» өткізілді. Іс-шараның негізгі мақсаты – білім алушылардың ғылыми белсенділігін арттыру, зерттеу қызметін насихаттау және студенттер, резиденттер, оқытушылар мен шақырылған мамандар арасында тәжірибе алмасу болды. Бірінші күні университет ректоры Джайнакабаев Н.Т., ғылыми жұмыс жөніндегі проректор Сейдалин А.О. және резидентура бөлімінің басшысы Оракбай Л.Ж. қатысуымен салтанатты ашылу өтті. Сонымен қатар, шақырылған спикерлер мен университет оқытушылары мазмұнды әрі практикалық бағыттағы баяндамалар жасады. «Халықаралық ғылыми журналдарда мақала жариялау және журнал таңдау» тақырыбындағы практикалық воркшопты PhD, қауымдастырылған профессор, ТМД елдеріндегі Clarivate компаниясының ресми өкілі Кенжина Инеш Ерғазыевна өткізді. Ғылыми жарияланым тақырыбын Informascope компаниясының (Elsevier агенті) Орталық Азия бойынша кеңесшісі Рабиға Хожамқұл «Scopus деректер базасымен табысты жарияланымға жол» тақырыбында жалғастырды. «Студент ғылыми қызметті қалай бастайды» тақырыбында медицина магистрі, балалар жұқпалы аурулары пәнінің оқытушысы Кулик Наталья Васильевна дәріс оқыды. Т525А тобының студенті Нұрсалбек Ақнұрдың балалар жұқпалы аурулары курсы аясындағы ғылыми-зерттеу жұмысына қатысу тәжірибесімен бөліскен баяндамасы ерекше қызығушылық тудырды. Екінші күні бағдарлама білім беру және медицинаның кәсіби аспектілерін қамтыған баяндамалармен жалғасты. «Медициналық университетте қалай тиімді оқу керек: бейімделуден табысқа дейін» тақырыбында Muhammad Awais Raza дәріс оқыды. Фармацевтика саласына қатысты мәселелерді биология ғылымдарының докторы Байдуллаева Шынар Амангелдиновна «Дәрілік заттарды өндіру және тіркеу досьесі» тақырыбында, ал фармацевтика ғылымдарының кандидаты Сихимбаева Любовь Михайловна «Фармациядағы жол: маманның кәсіби тәжірибесі» тақырыбында ашып көрсетті. «Ұлттық биотехнология орталығы» ЖШС филиалының ғылыми қызметкері Бисенбай Ақерке Оңғарбайқызы «Ғылыми зерттеулердегі зертханалық әдістер: жүргізу, талдау және деректерді интерпретациялау» тақырыбында дәріс-семинар өткізді. Күнді Cerebra компаниясының өкілі «Медицинадағы жасанды интеллект» тақырыбындағы өзекті баяндамасымен қорытындылады. Үшінші күні қатысушыларға аналитикалық және клиникалық ойлауды дамытуға бағытталған баяндамалар ұсынылды. Офтальмология кафедрасының резиденті Гасанов Ескендір Қиясұлы «Медицинадағы ғылыми зерттеулерді іздеу, талдау және бағалау» тақырыбында дәріс-семинар өткізді. Ми қызметінің заманауи түсініктері Оразымбет Куралай Бауржанқызының «Neuroplasticity: how the brain changes and learns» атты дәрісінде қарастырылды. Практикалық бағытты PhD, жоғары санатты дәрігер Нукусбекова Гульнұр Избасаровнаның «Халықаралық іс-шараларда клиникалық жағдайларды ұсыну тәсілдері» тақырыбындағы шеберлік сабағы жалғастырды. Сонымен қатар, бұл күні Студенттік ғылыми қоғам ұйымдастырған Brain-storm (миға шабуыл) интерактивті іс-шарасы өтті. Төртінші күні PhD, ҚазҰУ ҒЗИ ғылыми қызметкері және «Қоғамдық денсаулық сақтау» кафедрасының оқытушысы Абдрахманова Зинат Батырхановна «Болашақ және конференцияларда сөз сөйлеу» тақырыбында мотивациялық кездесу-дәріс өткізді. Дәріс барысында академиялық мобильділік пен халықаралық ғылыми ынтымақтастық мүмкіндіктері қарастырылды. Сондай-ақ, осы күні қатысушылар өз ғылыми жұмыстарын қысқа ғылыми презентациялар форматында ұсынған Speed science постерлік сессиясы өтті. Бесінші күні анатомиялық үйірме ұйымдастырған Anatomical Workshop өткізілді, онда қатысушылар практикалық дағдыларын жетілдіре алды. «Ғылым апталығының» қорытындысы ретінде салтанатты жабылу рәсімі өтті. Онда медицина ғылымдарының докторы, профессор, ғылыми жұмыс жөніндегі проректор Сейдалин А.О., сондай-ақ медицина ғылымдарының докторы, доцент, университет профессоры, резидентура бөлімінің басшысы Оракбай Л.Ж. сөз сөйледі. Сонымен қатар, Жас ғалымдар кеңесі Студенттік ғылыми қоғаммен бірлесіп студенттік ғылыми журнал мен журналық клубтың ашылғанын жариялады. Іс-шара мәдени бағдарламамен, оркестрдің қатысуымен жалғасын тапты. Осылайша, «Ғылым апталығы» ғылыми ойлауды қалыптастыруға, зерттеу құзыреттерін дамытуға және білім алушылардың ғылыми қызметке деген мотивациясын арттыруға бағытталған маңызды алаң болды. Барлық спикерлерге, ұйымдастырушыларға, қатысушылар мен студенттерге белсенді қатысқандары, ғылымның дамуына қосқан үлестері және іс-шаралардың жоғары деңгейде өтуіне атсалысқандары үшін шынайы алғысымызды білдіреміз.